Жаңалықтар

БАЛАЛАРҒА ҰЛТТЫҚ ПАРКТЕРГЕ ТЕГІН КІРУ ЖӘНЕ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ: ТУРИЗМ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Президенті туризм саласын дамыту және балалар спортын қолдауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойды.

Түзетулер арқылы туристік заңнамадағы негізгі ұғымдар нақтыланды. Атап айтқанда, гид, экскурсовод, туристік ресурстар мен туризм нысандарының анықтамалары нақты айқындалды. Маңызды жаңалықтардың бірі – енді гидтер мен экскурсоводтар ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан өз қызметін жүзеге асыра алады. Бұған дейін олар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс болатын.

Өзгерістердің елеулі бөлігі визит-орталықтарға қатысты. Олардың мәртебесі, негізгі міндеттері мен орналастыру қағидалары алғаш рет заң деңгейінде бекітілді.

Құжатта туристік инфрақұрылымды мемлекеттік қолдау тетіктерін жаңарту да қарастырылған. Сонымен қатар, туроператорларды қолдаудың қосымша шаралары енгізіліп, олардың шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделген. Сондай-ақ балалар үшін ұлттық парктерге тегін кіру мүмкіндігі енгізіледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау алған нысандардың қаражатты мақсатты пайдалануына бес жылдық мониторинг жүргізу, сондай-ақ туристік нысандардағы санитарлық-гигиеналық тораптарды бақылау қарастырылған.

Қабылданған шаралар ішкі және кірмелік туризмді дамытуға, сондай-ақ саладағы қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтіледі.

Back to top button