Қазақстанда тамыз айының соңынан бастап байланыс туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңашылдықтар телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыруға және абоненттердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мусалиев мәлімдеді.
Негізгі өзгерістердің бірі — eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu секілді мемлекеттік әрі әлеуметтік маңызы бар мобильді қосымшаларға тегін қолжетімділік беріледі. Сонымен қатар, мобильді құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік реттеуге өтеді.
Сондай-ақ ресми қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізіледі. Соның арқасында азаматтар банктер мен компаниялардан келетін қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алады. Ал байланыс пен интернетке қатысты қосымша ақылы қызметтер енді абоненттің екі кезеңді растауынан кейін ғана қосылады.
Өзгерістер ұялы байланыс сигналының күшейткіштерін пайдалануға да қатысты. Репитерлерді елге әкелу және орнату құқығы тек байланыс операторларына беріледі. Өйткені оларды бақылаусыз пайдалану байланыс сапасының төмендеуіне себеп болған.
Бұдан бөлек, абоненттер жарнамалық хабарламалар мен автодозвон («маяк») қызметінен бас тарта алады. Сондай-ақ интернетке қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін көрсететін операторлар үшін лицензия алу міндетті болады.
Жаңа нормалар радиожиіліктер мен спутниктік байланысты пайдалану қағидаларын жаңартуды, байланыс инфрақұрылымы нысандарын салу рәсімдерін жеңілдетуді және стратегиялық нысандар қатарына енгізілген деректерді өңдеу орталықтарын қорғауды күшейтуді де көздейді.
