Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ҮЛЕСІ АРТУДА: ҚАЗАҚСТАН ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТІ АЗАЙТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан құрылыс материалдарын отандық өндіру көлемін кезең-кезеңімен арттырып, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Бүгінде отандық компаниялар ішкі нарық қажеттілігінің 70%-дан астамын қамтамасыз етеді. Салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

2026 жылдың басынан бері елімізде 19 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда керамогранит, PIR-сэндвич-панельдер, ПВХ және алюминийден жасалған қасбеттік жүйелер, витраждар мен терезелер, ALC-панельдер, минералды мақта плиталары, бетон құбырлар, қос таврлы арқалықтар, профилді қаңылтыр және басқа да құрылыс материалдары өндіріледі.

Жобаларға шамамен 50 млрд теңге инвестиция салынып, 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы 29 өндірісті іске қосу жоспарланған. Осылайша, 2026 жылы жаңадан іске қосылған кәсіпорындар саны 48-ге жетуі мүмкін. Оларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 202,2 млрд теңгені құрап, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Жаңа кәсіпорындарда баспалдақ марштарын, кәріз құдықтарының дөңгелектерін, жылу желілеріне арналған науаларды, микрокальцит, модульдік жылыжайлар, топырақ тұрақтандырғыштары және жасанды мәрмәр өндіру жоспарлануда.

Сонымен қатар елімізде жалпы құны шамамен 380 млрд теңге болатын тағы 28 жоба жүзеге асырылуда. Оларды 2027-2028 жылдары іске қосу жоспарланған. Жаңа өндірістер 3,4 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның шамамен 1,6 мыңы ауылдық жерлерде ашылады. Өндірілетін өнім түрлеріне темірбетон модульдері, металл конструкциялар, фиброцемент панельдері, санитарлық керамика, гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспалары кіреді.

Бұдан бөлек, жалпы құны 192,7 млрд теңге болатын тағы 29 инвестициялық жоба пысықталуда. Олардың аясында көпір конструкцияларын, металл есіктерді, қабырға панельдерін, шыңдалған шыныны, керамзит блоктарын және басқа да өнімдерді өндіру көзделген.

Жалпы, 105 жобаны іске асыру шамамен 775 млрд теңге инвестиция тартуға және 10,4 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның 5,7 мыңы ауылдық жерлерде ашылады.

Өндірістік қуаттарды кеңейту еліміздегі құрылыс материалдарының көлемін арттырып қана қоймай, олардың түр-түрін көбейтуге де мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл жобалар өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға, өңірлердегі өнеркәсіптің дамуына және Қазақстанның құрылыс секторындағы импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті одан әрі төмендетуге ықпал етеді.

Back to top button