Ақтөбе облысында сот бюджет қаражатымен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшысына үкім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, 2023–2025 жылдары Құсмағамбетова Д.Б. мемлекеттік субсидия алу үшін жалған мәліметтер ұсынған. Атап айтқанда, ветеринариялық маманның көмегімен ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасына іс жүзінде болмаған асыл тұқымды бұқалардың мал басы тіркелген. Сотта мұндай алты дерек анықталған.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасына келтірілген жалпы залал 158,73 млн теңгені құрады. Сот талқылауы барысында сотталған азамат 15 млн теңгені өтеген.
Сот Құсмағамбетованы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдар атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Бұл ретте сотталушының жас балаларының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу бес жылға дейін, бірақ бала 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімнен аспайтын уақытқа кейінге шегерілді.
Бұдан бөлек, сот Азаматтық талапты ішінара қанағаттандырып, сотталушыдан Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының пайдасына 143,73 млн теңге өндіріп алу туралы қаулы шығарды.
