Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Алматы облысында 2026 жылдың басынан бері 36 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Олардың шамамен 27 мыңы тұрақты жұмысқа тұрса, қалғандары уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің негізгі құралдарының бірі – Enbek.kz порталы. Ол арқылы өңір тұрғындары бос жұмыс орындарын іздеп, жұмыс берушілерді таба алды. Сонымен қатар қоғамдық және әлеуметтік жұмыстар бағдарламалары, сондай-ақ аға буын өкілдерін жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы қосымша жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынды.

Жастарды жұмыспен қамтуға да ерекше назар аударылды. Есепті кезеңде 6 854 жас жұмысқа орналасты.

Өңірде бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, кәсіби қайта даярлауға да басымдық беріліп отыр. Қысқа мерзімді курстар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, шаштараз, аспаз, тігінші мамандықтары және сұлулық индустриясы бағыттары бойынша оқыту жүргізілді.

Кәсіби даярлыққа барлығы 584 адам жіберілді. Қатысушылардың жартысынан астамы оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасты.

 

Back to top button