Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ЗАРЯДТАУ СТАНЦИЯЛАРЫНЫҢ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ЕСЕПТЕУ ДӘЛДІГІ ТЕКСЕРІЛЕДІ

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда электромобильдерді зарядтау станцияларында электр энергиясын өлшеу дәлдігіне мемлекеттік бақылау жүргізудің жаңа қағидалары енгізіледі. Бұл жабдық көрсеткен электр энергиясының көлемі тұтынушыға нақты берілген электр мөлшеріне сәйкес келетін-келмейтінін тексеруге мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 40 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Бұл сегменттің дамуына байланысты электр энергиясын есепке алудың дәлдігіне қойылатын талап та артып келеді. Өйткені зарядтау қызметінің құны тікелей жабдық көрсеткіштеріне байланысты.

Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін «ҚазСтандарт» екі ұлттық стандарт әзірледі. Атап айтқанда, СТ РК 2.761-2026 стандарты айнымалы токпен жұмыс істейтін зарядтау станцияларына, ал СТ РК 2.762-2026 стандарты тұрақты токпен жұмыс істейтін станцияларға қойылатын талаптарды белгілейді. Екі құжат та 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.

Өлшеу жабдықтары зарядтау станциясы пайдаланылатын жерде тексеріледі. Ол үшін станцияны шешіп алу немесе бөлшектеу қажет емес. Мамандар берілген электр энергиясының мөлшерін есептеу дәлдігін және жабдық көрсеткіштерінің белгіленген метрологиялық талаптарға сәйкестігін эталондық өлшеу құралдарының көмегімен анықтайды.

Осылайша, желтоқсан айынан бастап электр зарядтау станциялары арқылы берілетін электр энергиясын өлшеу мемлекеттік реттеу саласына енгізіледі. Жаңа қағидалар есеп айырысу дәлдігін арттырып, тұтынушылардың нақты алған электр энергиясы үшін ғана ақы төлеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Back to top button