Қонаев қаласында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 38 сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шараларына қала тұрғындары, волонтерлер мен мемлекеттік қызметшілерді қосқанда 10 мыңнан астам адам қатысты.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – стихиялық қоқыс орындарын жою. «Ғарыш сапары» геопорталының көмегімен қала аумағында қоқыс заңсыз төгілген 19 орын анықталды. Қала қызметтерінің мәліметінше, олардың барлығы тазартылған.
Сонымен қатар Қонаевта күн сайын санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Көшелер мен қоғамдық орындар қоқыс пен өсімдік қалдықтарынан тазартылып, ластанған жаңа аумақтар анықталады.
Қала тұрғындары тазалыққа қатысты мәселелерді Telegram мессенджеріндегі «Taza Qazaqstan» боты арқылы хабарлай алады. Жыл басынан бері ботқа 28 өтініш түскен. Олардың барлығы қаралып, көрсетілген мекенжайлар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Көктемде 17 700 ағаш отырғызылса, күзде олардың қатарына 200 алма ағашы қосылды. Республика күнін мерекелеу қарсаңында қалаға тағы 3 000 акация мен арша ағашы отырғызылды. Ауа райы суытқанға дейін тағы шамамен 1 100 жеміс ағашын отырғызу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жалпы көгалдандыру бастамасы аясында 5 000 арша ағашын отырғызу да қарастырылған.
Осылайша, аталған көшеттерді қоса есептегенде, қалада отырғызылған ағаштар мен аршалардың жалпы саны 27 мыңға жетті.
