Талдықорғанда нақты көрсетілмеген газ қызметтері үшін ақы есептелген 4 мыңға жуық тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді. Тұрғындарға үй ішіндегі газ жабдығына техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілмесе де, тиісті төлем саналған.
Заң бұзушылықты қала прокуратурасы мен Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті анықтады. Тексеру барысында төлем есептеуге негіз болған құжаттардың іс жүзінде орындалмаған жұмыстар бойынша жалған актілер екені белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде әр тұтынушының жеке шотына есептелген сома ескеріліп, қайта санау жүргізілді. Жалпы түзету сомасы 12,8 млн теңгені құрады. Негізсіз есептелген қаражат төлемдерден алынып тасталды.
Сонымен қатар, Департамент кінәлі тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған бап тұтынушыларды көрсетілетін қызметтердің сапасы мен нақты көрсетілу фактісіне қатысты жаңылыстыруды көздейді. Іс қаралып, әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
