Жетісу облысында он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған ұн комбинаты қайта жандандырылады. «АгроКомплекс Уштобе» ЖШС кәсіпорынды жаңғыртып, оның базасында жылына 600 мың тоннаға дейін өнім өндіретін үш өндірістік нысаннан тұратын кешен құруды жоспарлап отыр.
Кешен жыл сайын 300 мың тоннаға дейін құрама жем, 150 мың тонна май мен тоңмай және 150 мың тонна ұн өндіретін болады. Жоба 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Нәтижесінде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазір кәсіпорын аумағында ғимараттарды жөндеу, құрылымдарды нығайту және өндірістік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алғашқы болып 2027 жылы жылына 300 мың тоннаға дейін өнім өндіретін құрама жем зауытын іске қосу жоспарланған. Одан кейін май және тоңмай өндіру жолға қойылады. Ал 2028 жылы жылына 150 мың тоннаға дейін астық өңдеуге қауқарлы жаңғыртылған ұн тарту кешені іске қосылуы тиіс.
Жоба аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеудің үш бағыты бір өндірістік алаңға шоғырландырылады. Кешеннің іске қосылуы өңірдегі өнім өңдеу көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген қосымша сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
