Павлодарда Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының өңірлік филиалының басшысына қатысты іс қаралды. polites.news басылымының хабарлауынша, Даурен Бахтиярович Исабеков көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарғаны үшін кінәлі деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың 21 ақпанына қараған түні Д. Исабеков Ломов көшесімен автокөлік тізгіндеп келе жатып, құжаттарын тексеру үшін жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан тоқтатылған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Алайда ол қымыз ішкенін айтып, қышқыл сүтті сусынның мөлшерін есептей алмағанын, соның салдарынан масаң күйге түскенін жеткізді. Сараптама қорытындысымен Исабеков келіскен.
Оның кінәсі өз мойындауынан бөлек, бірқатар әкімшілік құжаттармен де дәлелденді.
Оның әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша – көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйде басқару – ретінде сараланды. Аталған бапта баламасыз жаза қарастырылған: 15 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру.
Сот қаулысымен Даурен Исабеков 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
