Жаңалықтар

#Декларация35жыл

25 қазан – еліміз үшін ерекше тарихи күн: дәл осы күні, 1990 жылы, ҚазССР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі дамуының бірегей жолы басталған еді. Биыл осы құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.

• «Қазақстан Республикасы — өз жерінде толық билікке ие мемлекет» деген ұстаным бекітілді, территориялық тұтастық пен заң үстемдігі принциптері жарияланды.
• Табиғи ресурстар, жер, су, ғылым-техника-экономикалық әлеует елдің меншігі ретінде танылды, бұл дербес даму үшін заңды негіз болды.
• Құжат мемлекеттік тілдің, ұлттық мәдениеттің өрлеуін, өзара достық пен татулықты басты міндеттер қатарына қойып, халықтық ықпал-қатысуды күшейтуді көздеді.
• Декларация қабылданғаннан кейін бір жылдан соң, 1991 жылдың 16 желтоқсанында – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды.

Декларацияның алғашқы сөйлемдерінде:

Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi

Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып,
Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып,
Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып,
Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып,
қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып,
iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып,
Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және Егемендік туралы Декларацияны қабылдайды — деп көрсетілген.

Бұл құжат – жай ғана заңдық акт емес, Қазақстанның тәуелсіздікке бет бұрған тарихи шешімі, ел болмысының баға жетпес негізі. 35 жыл ішінде жасалған прогресс, қоғамдағы өзгерістер, әлемдік деңгейдегі орны – осы декларацияның арқасы.

25 Қазан – Республика күні құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button