Жаңалықтар

БОЛАШАҚҚА ЖИНАҚ: «ҰЛТТЫҚ ҚОР — БАЛАЛАРҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

2026 жылы «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасына қатысушылардың әрқайсысына 130,71 доллардан есептелді. Қаражат Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы есебінен қалыптастырылады және Қазақстан азаматтарына 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын есептеледі.

Бағдарламаға 2024 жылдан бастап қатысып келе жатқан балалардың жинақталған қаражаты инвестициялық кірісті қоса есептегенде 370,56 долларға жетті.

БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 365 967 адам нысаналы жинақтарын пайдаланып үлгерген. Тұрғын үй және білім беру мақсаттарына жасалған төлемдердің жалпы көлемі 76 142,45 мың долларды құрады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 241 284 алушыға 50 433,4 мың доллар, ал білім ақысын төлеуге 124 683 алушыға 25 709,05 мың доллар бағытталды.

Жинақтарды 18 жасқа толғаннан кейін пайдалануға болады. Қаражат БЖЗҚ-дағы жеке шотқа аударылып, Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе ел ішінде не шетелде білім алу ақысын төлеуге жұмсалуы мүмкін. Операцияларды жүргізу үшін уәкілетті операторлар – Отбасы банк пен Халық банкі белгіленген.

Баланың бағдарламаға қатысуын және жинақтары туралы ақпаратты ЖСН арқылы kids.enpf.kz сайтынан, eGov жеке кабинеті арқылы, сондай-ақ Halyk және Kaspi.kz мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.

Егер жинақтар кәмелетке толғаннан кейін 10 жыл ішінде пайдаланылмаса, олар жеке зейнетақы шотына аударылады.

Қатысушы қайтыс болған, оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген немесе Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда есептеулер тоқтатылады. Қатысушы қайтыс болған кезде жинақтар заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлеріне берілуі мүмкін.

Back to top button