Жаңалықтар

ШАҒЫМДАР ЕСКЕРІЛДІ: ҚОНАЕВТА КӨШЕ САУДАСЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

Қонаев қаласының тұрғындары бірнеше жылдан бері «Юбилейный» ауданындағы ретсіз көше саудасы мәселесін көтеріп келеді. Бейберекет орналасқан сауда нүктелері жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, аумақтың санитарлық жағдайын нашарлатып, қаланың сыртқы келбетіне кері әсерін тигізуде.

Тұрғындардың өтініштеріне жауап ретінде Қонаев қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, әрқайсысының ауданы 12,5 шаршы метр болатын 8 сауда орнынан тұратын заманауи сауда павильонын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Бөлім басшысы Берік Елеуовтың айтуынша, бұл жоба мәселені жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді — сауданы ұйымдасқан форматқа көшіру және көшелерді ретсіз саудадан босату көзделген. Нәтижесінде аумақта тәртіп орнап, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалады, кәсіпкерлерге өркениетті жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар санитарлық талаптардың сақталуын бақылау күшейтіліп, бұл өз кезегінде өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына оң әсер етеді.

Back to top button