Қызылорда тұрғыны үшін интернет арқылы косметика сатып алу жағымсыз жағдаймен аяқталды: 125 мың теңгеге төлем жасалғанымен, тапсырыс иесіне жеткізілмеген. Әйел адамға ақшасын қайтаруға Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары көмектесті.
Бөлім мәліметінше, тұрғын косметикалық өнімге онлайн тапсырыс беріп, оның толық құнын алдын ала төлеген. Алайда сатушы жеткізу мерзімін бұзып, өз міндеттемелерін орындауды тоқтатқан. Тауарын ала алмаған әйел уәкілетті органнан көмек сұраған.
Шағым түскеннен кейін департамент мамандары тексеру жұмыстарын бастап, сатушымен байланысқа шыққан. Нәтижесінде тұтынушы құқығының бұзылғаны расталып, жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша сатушы сатып алушыға 125 мың теңгені толық көлемде қайтарды.
Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай мәселелер әсіресе әлеуметтік желілер мен ресми тіркелмеген парақшалар арқылы тапсырыс бергенде жиі кездеседі. Осыған байланысты мамандар сатушы туралы ақпаратты алдын ала тексеруге, түбіртек пен хат алмасуды сақтауға, сондай-ақ төлем жасамас бұрын жеткізу және тауарды қайтару шарттарымен мұқият танысуға кеңес береді.
