Жаңалықтар

ҚАЗАВТОЖОЛ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ТЕХНИКАЛЫҚ ДАЙЫНДЫҒЫН КҮШЕЙТУДЕ

Алдағы қыс маусымына дайындық аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға арналған техникалық мүмкіндіктерін күшейтуде. Осы мақсатта 259 бірлік арнайы техника мен жабдық сатып алынды.

Жаңартылған техника паркіне 60 автогрейдер, 50 жол катогы, 40 тиегіш, «Бродвей» үлгісіндегі 30 сыпыру-тазалау тіркемесі, 20 қада қағу қондырғысы, 18 термос-жөндеуші, 16 «Бастион» кешені, 15 шнек-роторлы қар тазалау машинасы және тартқыштарымен бірге 10 трал кірді.

Жаңа техниканың әсіресе қыс мезгілінде боран жиі соғып, қар құрсауы қалыптасатын өңірлер үшін маңызы зор.

Сонымен қатар, сатып алынған техникалар тек қыс мезгілі кезіндегі жұмыстарға ғана пайдаланылмайды. Олардың бір бөлігі жыл бойы жұмыс істеуге арналған. Атап айтқанда, термос-жөндеушілер мен «Бастион» кешендері жол жамылғысындағы жергілікті ақауларды жоюға және автомобиль жолдарын ағымдағы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізуге қолданылады.

Техникалар өңірлер арасында қызмет көрсетілетін жолдардың ұзақтығына, көлік қозғалысының қарқындылығына және климаттық ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Қосымша ресурстар ең алдымен қыс мезгілінде қардың қалың түсуі, боран және қар құрсауы салдарынан жол жағдайы жиі күрделенетін аймақтарға бағытталады.

Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» компаниясының қарамағында шамамен 25 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы бар. Суық мезгілде бұл жолдарды күтіп-ұстау техника мен мамандардың тұрақты дайындығын талап етеді. Әсіресе көлік қозғалысы жоғары және қар құрсауының пайда болу қаупі басым учаскелерге ерекше назар аударылады.

Техника паркін жаңарту жұмыстарымен қатар, жол инфрақұрылымын қысқы маусымға кешенді дайындау шаралары да жүргізілуде.

Back to top button