Абай облысының тұрғыны қызметін пайдалана алмаған фитнес-студиядағы бір жылдық абонемент үшін рәсімделген бөліп төлеуді тоқтатуға көмек алды.
Азаматша бір жылға фитнес-орталыққа абонемент сатып алған. Алайда басқа қалаға қоныс аударуына байланысты фитнес-орталыққа бару мүмкін болмаған. Соған қарамастан, ол қызмет құнын 250 мың теңге көлемінде бөліп төлеу арқылы өтеуді жалғастырған.
Тұтынушы мәселені реттеу бойынша көмек алу үшін Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Ведомство қызметкерлері азаматшаға кеңес беріп, келісімшартты бұзу және бөліп төлеуді тоқтату туралы сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмектесті.
Өтінішті қарау нәтижесінде жеке кәсіпкер қызмет үшін рәсімделген бөліп төлеуді тоқтатуға келісті.
Департаментте еске салғандай, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 8-1-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, шарт бұзылған кезде сатушыға немесе орындаушыға көрсетілмеген тауар, жұмыс немесе қызмет үшін ақшаны қайтармауға мүмкіндік беретін талап тұтынушының құқықтарын бұзатын шарт болып танылады.
Осылайша, шартты бұзу кезінде тұтынушы көрсетілмеген қызмет үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы. Егер шарттағы өзге талаптар заңнама талаптарына қайшы келсе, олар қолданылмауы тиіс.
