Қазақстан тұрғындарына алкогольдік, есірткілік немесе уытты масаң күйді анықтау үшін жүргізілетін медициналық куәландыру кезінде қандай құқықтарға ие екені түсіндірілді. Тиісті мәліметті Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы жариялады.
Орталықтың мәліметінше, куәландыру рәсімі тек қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі және сауалнама алуды, медициналық тексеруді, алкотестер арқылы тексеруді, қажет болған жағдайда қан немесе зәр сынамаларын зертханалық талдауды қамтиды.
Медициналық куәландырудан өтпес бұрын дәрігерге құрамында спирті бар дәрілік заттарды (тұнбалар, тамшылар, спрейлер), маман тағайындаған өзге де препараттарды қабылдағаны, сондай-ақ зерттеу нәтижесіне әсер етуі мүмкін қымыз, квас немесе тағамдық көкнәр қосылған өнімдерді тұтынғаны туралы ескерту қажет. Егер бар болса, дәрі қабылдап жүргенін растайтын медициналық құжаттарды ұсынған жөн.
Рәсімге қатысты маңызды жайттар:
• Куәландыру тәулік бойы психиатр-дәрігер-нарколог немесе арнайы даярлықтан өткен медицина қызметкері арқылы жүргізіледі.
• Рәсімнен өту үшін жеке куәлікті қағаз немесе eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық нұсқада көрсету қажет.
• Құжаттардың болмауы куәландырудан бас тартуға негіз болмайды. Мұндай жағдайда мәліметтер азаматтың сөзінен немесе полиция материалдары негізінде енгізіліп, ерекше белгілері қорытындыда міндетті түрде көрсетіледі. Кәмелетке толмағандарды куәландыру олардың заңды өкілдері — ата-анасы немесе қамқоршысының қатысуымен ғана жүргізіледі.
Азаматтар куәландыруға жіберілу себептері туралы ақпарат алуға, рәсімнің барлық кезеңі бойынша түсініктеме сұратуға, туыстарына немесе адвокатына хабарлауға, сондай-ақ медицина қызметкерлерін алдын ала ескерте отырып, тексеру барысын аудио және бейнежазбаға түсіруге құқылы. Алайда басқа пациенттерді түсіруге және мұндай жазбаларды таратуға тыйым салынады.
Биоматериалдарды сақтау тәртібіне де ерекше назар аударылған. Барлық сынамалар тексерілуші мен оны жеткізген қызметкердің қатысуымен мөрленуі тиіс. Биологиялық материалдар 25 күн сақталса, медициналық қорытынды шамамен бес жыл бойы сақталады.
Егер азамат тексеру нәтижесімен келіспесе, қайта куәландыру жүргізуді талап ете алады. Алайда бұл құқық бастапқы рәсімнен кейін екі сағат ішінде ғана жүзеге асырылады. Осы мерзім өткен соң алынған жаңа талдаулар қорытындыға қарсылық білдіру үшін дәлел ретінде қабылданбайды.
Қалалық психикалық денсаулық орталығында жүргізушілердің медициналық куәландырудан өтуден бас тартуы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкелетінін еске салды.
