Қазақстан мен АҚШ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы серіктестікті жандандыруға ниетті. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың АҚШ елшісі Джули М. Стаффтпен кездесуінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы, инвестиция тарту және мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы бірлескен жобаларды пысықтайтын жұмыс тобын құруды ұсынды.
Серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі асыл тұқымды мал шаруашылығы болуы мүмкін. Қазақстан тарапы жоғары өнімді мал басын жеткізуге, жануарлардың генетикалық әлеуетін бағалауға және заманауи асылдандыру технологияларын енгізуге мүдделі екенін білдірді.
Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қатарында Алматы облысында PepsiCo компаниясының тұзды тіскебасар өнімдерін шығаратын зауыт салу жобасы бар. Инвестиция көлемі 368 млн долларға жетеді, ал кәсіпорын жылына шамамен 70 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Зауытты 2027 жылғы сәуірде іске қосу жоспарланып отыр.
Тағы бір жоба John Deere маркалы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге қатысты. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда осы марканың 327 техникасы шығарылған. Олардың жалпы құны 23,2 млрд теңгені құрады. Өндіріс алаңдарында тракторлар, комбайндар, орақ машиналары, десте жинағыштар, рулонды престер мен бүріккіштерді құрастыру жолға қойылған.
АҚШ елшісі Вашингтонның сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және екі ел компаниялары арасындағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады. Ұсынылған жұмыс тобы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бастамаларды одан әрі пысықтап, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
