Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы Қазақстанның балалардағы қатерлі ісікке қарсы жаһандық бастамаға (GICC) қосылу туралы шешімін ресми түрде қолдады. Еліміздің бағдарламаға басым қатысушылардың тізбесіне қосылуы мемлекеттің балалар онкологиялық көмегін дамыту бағытын растайды және халықаралық сарапшылармен серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Басым ел мәртебесі Қазақстанға ДДҰ және серіктес ұйымдар тарапынан қосымша техникалық қолдау алуға жол ашады.
ДДҰ мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл ел халқының үштен бірінен астамын құрайды. Ұйым балалар онкологиясын ұлттық және өңірлік деңгейде дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырмақ.
Соңғы бір жылдың өзінде педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығында онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан 2500-ден астам бала ем қабылдады. Орталықта жедел лейкоздар кезінде минималды қалдық ауруды бақылаудың заманауи әдістері енгізіліп, ағзаны сақтап қалуға бағытталған операциялар саны артып келеді.
Қазақстанның GICC бастамасына қосылуы балалар онкологиялық көмегі жүйесін дамытудағы маңызды қадамға айналып, балаларды қорғау халықаралық күнін мерекелеумен қатар келді.
