Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ЕНГІЗУ БОЙЫНША ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА КӨШ БАСТАДЫ

Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуге дайындық деңгейі бойынша әлемдік рейтингтегі позициясын нығайтты. Халықаралық Oxford Insights аналитикалық компаниясының дерегінше, 2025 жылы Қазақстан 195 елдің ішінде 55,86 балл жинап, 60-орынға тұрақтады. Рейтинг елдердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және цифрлық экономиканы дамыту қабілетін бағалайды.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап, Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі үздік үш елдің қатарына енді. Бұл ретте республика тек Үндістан мен Түркияға жол берді. Соңғы екі жылда Қазақстан 2023 жылғы 72-орыннан 12 сатыға жоғарылады.

2025 жылғы маңызды жетістіктердің бірі — ұлттық суперкомпьютердің іске қосылуы болды. Бұл елдің жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті. Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы цифрлық инфрақұрылымның, электронды үкіметтің және Astana Hub базасындағы инновациялық экожүйенің дамуын да оң бағалап отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның бұл бағыттағы одан әрі ілгерілеуі мамандар даярлау, деректер саясатын дамыту және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану деңгейіне байланысты болмақ.

Сондай-ақ цифрлық дамуға қосымша серпін беретін маңызды факторлардың бірі — Қазақстанда 2026 жылдың Жасанды интеллект жылы болып жариялануы. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектіні енгізу күшейіп, инфрақұрылым дамып, технологиялық жобаларға қолдау артады деп күтілуде.

Back to top button