Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕРДІ ДАМЫТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУДЕ: ALATAU CITY ЖАҢА ЭКОЖҮЙЕНІҢ НЕГІЗГІ АЛАҢДАРЫНЫҢ БІРІ БОЛАДЫ

Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат цифрлық қаржы экожүйесін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік стратегияны айқындайды.

Жарлық цифрлық активтердің ашық әрі бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастырып, оны жаһандық қаржы жүйесіне ықпалдастыруға негіз қалайды. Басым бағыттардың қатарында заңнаманы жетілдіру, крипто-фиат инфрақұрылымын дамыту, токенизация тетіктерін енгізу және халықаралық капиталды тартуға қолайлы жағдай жасау көзделген. Құжатта қарастырылған бастамалардың басым бөлігін 2026 жылдың өзінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жарлықты іске асыруда Alatau City Authority-ге ерекше рөл жүктелді. Ол Үкіметпен, Ұлттық банкпен, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, қаржылық мониторинг агенттігімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен қатар негізгі мемлекеттік қатысушылардың қатарына енді.

Жаңа стратегия аясында Alatau City криптоиндустрияны дамыту жоспарын әзірлеуге, орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) саласын реттеуді жетілдіруге, жылжымайтын мүлік пен логистикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын токенизациялау бойынша пилоттық жобаларды іске қосуға, сондай-ақ цифрлық активтер арқылы шетелдік инвестиция тарту тетіктерін қалыптастыруға қатысады.

Бұл қала резиденттері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, токенизация арқылы халықаралық инвестицияларға қол жеткізуге, жетекші финтех және Web3 компанияларымен серіктестік орнатуға, заманауи цифрлық қаржы инфрақұрылымын пайдалануға, реттеушілік «құмсалғыштар» аясында жұмыс істеуге және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жарлықты іске асыру нәтижесінде Alatau City цифрлық қаржы шешімдерін енгізетін ұлттық пилоттық алаң ретіндегі мәртебесін нығайтып, криптоиндустрияның дамуын жеделдетуге және Қазақстанның халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Back to top button