2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның құрылыс саласы жоғары даму қарқынын сақтап қалды. Ресми деректер бойынша, елде 111 мектеп, 17 балабақша және 31 денсаулық сақтау нысаны салынды.
Құрылыс саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы салада Президент тапсырмалары орындалуда, тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып, жеке сектор ынталандырылуда, құрылыс индустриясы дамуда және кешенді мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
Соның арқасында құрылыс секторы еліміздің ЖІӨ-нің 6%-ға жуығын құра отырып, экономикаға тұрақты түрде елеулі үлес қосып келеді.
Негізгі бағыттардың бірі — тұрғын үй құрылысы. 2019-2024 жылдар аралығында 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 39,3 млн шаршы метрі — жеке үйлер, ал 58,6 млн шаршы метрі — көппәтерлі тұрғын үйлер. Тек 2024 жылдың өзінде рекордтық көлем — 19,1 млн шаршы метр тапсырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты көлем индексі 9 трлн теңгеге жетті. Салада 53 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 2,9 мыңнан астамы — құрылыс материалдарын өндірушілер.
2025 жылдың қаңтар-маусым айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 трлн теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 18,4%-ға артты. 11 млн шаршы метрден астам жаңа нысан пайдалануға берілді, оның 7,9 млн шаршы метрі — тұрғын үй. 2025 жылы жалпы 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.
Соңғы алты жылда тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге инвестиция салынды, соның 1,5 трлн теңгесі ағымдағы жылдың алғашқы алты айында жұмсалды. Бұл деректер құрылыс секторының тұрақты өсімін және ел экономикасы мен әлеуметтік саласы үшін стратегиялық маңыздылығын дәлелдейді.