Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын жариялады. Ведомство азаматтардың өтініштерін қарауға, заң бұзушылықтардың жолын кесуге, тұтынушылардың экономикалық құқықтарын қорғауға және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға басымдық берді.
Алты ай ішінде комитетке және оның аумақтық бөлімшелеріне шамамен 47 мың өтініш келіп түсті. Оларды қарау нәтижесінде 15 мыңға жуық тұтынушының талаптары қанағаттандырылды. Тағы 15 мыңнан астам азаматқа құқықтық және консультациялық көмек көрсетілсе, 12 мыңға жуық өтініш әрі қарай қарау үшін салалық мемлекеттік органдарға жолданды.
Ең көп шағым бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және байланыс қызметтері салаларына қатысты болды.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауына бақылау күшейтілді. Аумақтық департаменттер 776 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 892 әкімшілік іс қозғады. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17 млн теңгеден асты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге тауарларды айырбастау және ауыстыру қамтамасыз етілді. Кейбір жағдайларда азаматтардың құқықтары сотқа дейінгі тәртіппен қалпына келтірілді. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында үлестік құрылысқа қатысушыға 14 млн теңгеден астам қаражат қайтарылса, Шымкентте тұрғын үйден елеулі кемшіліктер анықталғаннан кейін пәтер сатып алушысына 15,1 млн теңге өтемақы төленді.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты — тұтынушылар тобының құқықтарын қорғау. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында департаменттің талап-арызы негізінде сот іс-шараның өткізу орны өзгергеніне байланысты ұйымдастырушыны қатысушыларға 1,5 млн теңгені қайтаруға міндеттеді.
Сапасыз әрі қауіпті өнімдерді анықтауға бағытталған «Сапалы өнім» жобасы да жалғасуда. Жылдың алғашқы жартысында зерттелген 874 өнім түрінің 623-інен заңбұзушылықтар анықталды. Сәйкессіздіктердің басым бөлігі таңбалау талаптарына қатысты болса, қалғаны санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауына байланысты болды. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша аумақтық департаменттердің алдағы жұмыс басымдықтары айқындалды. Комитет бақылау тиімділігін арттыру, өңірлердегі құқық қолдану тәжірибесін біріздендіру және тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерін күшейту қажеттігін атап өтті.
