Қазақстан тұрғындары мезгіл сайын энергетикалық жүйедегі апаттардың салдарымен соқтығысады. Тұрмыстық техника апатты ажыратулардан немесе кернеудің құбылуынан «күйіп кетеді», дүкендерде азық-түлік бүлінеді, ал кәсіпорындар өндірістік құрылғылар жұмысының тоқтауынан тікелей шығынға ұшырайды. Сонда, залалды энергиямен жабдықтаушы ұйымнан өндіруге бола ма?, — деген заңды сұрақ туындайды.
Қысқаша айтқанда, иә. Тұтынушы энергия өндіруші, энергия таратушы және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан толық жеткізілмеген немесе сапасыз электр энергиясының салдарынан келген нақты шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Шығынды толық өтеу міндеті электр энергиясының сатушысына жүктеледі және бұл талап Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 23 қазандағы №356 бұйрығымен бекітілген үлгілік электрмен жабдықтау шарттарында көзделген. Бұдан бөлек, бұл құқықтық қатынастар Азаматтық кодекс, «Электр энергетикасы туралы» заң және басқа да нормативтік актілермен реттеледі.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 484-бабына және «Электр энергиясын пайдалану қағидаларының» 25-тармағына (МЭМР-дың 2005 жылғы 24 қаңтардағы №10 бұйрығы) сәйкес, энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясын үздіксіз, келісілген көлемде және сапада жеткізуге міндетті. Ерекшеліктерге тек апат болғанда, төлем бойынша берешек бар кезде немесе тұтыну режимін бұзған жағдайда ғана жол беріледі. Мұндайда тұтынушы алдын ала ескертілуі тиіс. Егер бұл негіздер болмаса, ажыратулар немесе кернеу секірістері міндеттемені тиісінше орындамау ретінде қаралады.
Азаматтық кодекстің 491-бабына сәйкес, жеткізуші тұтынушыға келтірілген нақты залалды өтеуге міндетті. Бұған зақымдалған техниканы жөндеу немесе ауыстыру, бүлінген өнімнің құны, баламалы энергия көздеріне жедел қосылуға кеткен шығындар жатады. Ал жіберілген пайдадан айырылу, мысалы, дүкеннің бүлінген тез бұзылатын тауарлардан ала алмаған кірісі, заң бойынша өтелмейді. Бұл шектеу «Электр энергетикасы туралы» заңның 19-бабында да бекітілген. Демек, тұтынушы тек тікелей шығынды өтеуге үміттене алады.
Өтемақы алу үшін тұтынушы залалды дұрыс тіркеп, дәлелдерді жинауы қажет:
1. Оқиға туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлаңыз, апаттық қызметті шақырыңыз және кернеуді өлшеуді талап етіңіз. Бас тартқан жағдайда, жағдайды бейнежазбаға түсіріңіз.
2. Көршілер немесе ПИК өкілі сияқты куәгерлердің қатысуымен акт жасаңыз. Онда зақымданған техниканың тізімін көрсетіңіз. Егер энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілі құжатқа қол қоюдан бас тартса, мұны бөлек тармақпен белгілеңіз де, бейнежазбаға түсіріп қойыңыз.
3. Сервис орталығына барып, ақаудың себебі мен жөндеу құны туралы қорытынды алыңыз. Егер азық-түлік бүлінсе, растайтын құжаттарды (чек, накладной) сақтаңыз және қажет болса, ресми қорытынды алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгініңіз.
4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымға досудебный талап жолдаңыз. Компенсация берілмесе немесе жауап болмаса, сотқа талап арыз беріңіз.
Сонымен қатар, жеке тұлғалар моральдық зиянды өндіруді талап ете алады (ҚР АК-нің 951-бабы, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң). Сот азапты бағалап, өтемақы мөлшерін белгілейді. Алайда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мұндай мүмкіндік заңмен қарастырылмаған.
Бүгінде әрбір ажырату немесе кернеудің құбылуы — тек жеке адамның мәселесі ғана емес, бүкіл энергетикалық жүйенің жұмыс сапасының көрсеткіші болып отыр.