Жаңалықтар

ЖАҢА ДАМУ НҮКТЕСІ: РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА ЗЫҒЫР ӨСІРУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Алматы облысында алғаш рет зығыр өсіру қолға алынды. Пилоттық жоба Райымбек ауданында жергілікті шаруалар мен Қытай инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, болашақ өнімге арналған жерлер өткен жылы дайындалып, жыртылған. Ал биыл көктемде 250 гектар алқапқа зығыр егілді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, егіс көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайтып, зығырды терең өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланып отыр.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев танысты.

«Бұл — өңір үшін жаңа дақыл. Зығыр негізінен еліміздің солтүстік облыстарында өсірілгенімен, қазіргі егістіктер жергілікті климатқа жақсы бейімделіп жатқанын көрсетіп отыр. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрайды. Әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», — деді өңір басшысы.

Зығыр — экологиялық таза әрі сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылы. Оның тұқымынан май, мал азығы және косметикалық өнімдер өндіріледі. Ал сабағынан тоқыма бұйымдары, киім-кешек, қаптама материалдары мен қаптар жасалады.

Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдық аумақтардың дамуына серпін береді деп күтілуде. Қазір егіс алқаптарында 10 адам еңбек етуде. Ал алдағы уақытта жоба ауданнан халықтың көшіп кетуін азайтып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын арттыруға көмектеседі.

Back to top button