Жаңалықтар

МЕДИЦИНА МЕН ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

Алматы облысының Нарынқол ауылында құны 4,1 млрд теңге болатын көпбейінді емхана мен жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізуге қауқарлы ветеринариялық зертхана іске қосылды. Республика күні қарсаңында ашылған нысандар өңірде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және ветеринариялық бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аумағы 6 650 шаршы метрді құрайтын жаңа емхана бір ауысымда 250 пациентті қабылдауға арналған. Медициналық мекеме компьютерлік томограф, рентген аппараты, маммограф және ультрадыбыстық диагностика аппараттарын қоса алғанда, заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мұнда тәулігіне 20 адамға арналған күндізгі стационар қарастырылған.

Емханада жалпы практика дәрігерлері мен педиатрлардан бастап хирургтер, неврологтер және эндокринологтерге дейінгі түрлі бағыттағы мамандар қабылдау жүргізеді. Көрсетілетін қызметтер қатарына профилактикалық тексерулер, скринингтер, вакцинация және созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау кіреді. Жаңа мекеменің ашылуы шалғай аудан тұрғындарына басқа қалаларға бармай-ақ, тұрғылықты жері бойынша медициналық көмектің кеңейтілген түрлерін алуға мүмкіндік береді.

Екінші нысан — ветеринариялық зертхана жануарлардың қауіпті және жұқпалы ауруларын диагностикалауды, сондай-ақ жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін тексеруді қамтамасыз етеді. Зертхана жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізе алады.

Зерттеу нәтижелері профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ ветеринариялық бақылау саласындағы шешімдерді қабылдауға негіз болады. Бұл ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудан үшін ерекше маңызды. Өйткені мал басының саулығы аграрлық өндірістің тұрақтылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Осылайша, екі нысанның қатар іске қосылуы ауданның денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы инфрақұрылымын кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдегі ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.

Back to top button