2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстандағы мектеп асханаларында тамақтанудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Денсаулық сақтау министрі 4 наурызда қол қойған бұйрыққа сәйкес, мәзірден фастфуд, саңырауқұлақтар, кофе мен кофелі сусындар алынып тасталды. Сонымен қатар фритюрде дайындалған тағамдар, газды сусындар, энергетиктер, крем қосылған кондитерлік өнімдер мен үй жағдайында жасалған тағамдарға да тыйым салынды.
Енді оқушылардың ас мәзірі нақты нормалар бойынша құрастырылады:
• тұз бен қант мөлшері шектеулі, тек йодталған тұз қолданылады;
• рационның кемінде 75%-ы өсімдік тектес өнімдерден тұруы тиіс;
• ет тағамдары тек сиыр еті, жылқы еті, бұзау еті және терісіз құс етінен дайындалады;
• сусындар — су, сүт, қышқыл сүт өнімдері, жемісті шайлар мен компоттар.
Мектеп мәзірі төрт апта бұрын алдын ала жасалады. Ал буфеттерде тек тұтас дәнді наннан дайындалған сэндвичтер, көкөніс пен жеміс салаттары, қышқыл сүт өнімдері, су және кремсіз ұн өнімдері сатылатын болады.
Ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларға да айрықша назар аударылады: олардың рационын медицина қызметкері қадағалап, дайын тағамдардың сапасын және ас блогының санитарлық жағдайын тексеріп отырады.
Толығырақ нормалармен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 наурыздағы №16 бұйрығында танысуға болады. Бұл құжат 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізеді.
Айта кетейік, биылғы жылы мектеп партасына 4,1 млн оқушы отырады. Оның ішінде — 341 мыңнан астамы бірінші сынып оқушылары, 232 мыңы — 11-сынып түлектері. Жалпы, Қазақстанда 8 мыңнан аса мектеп жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұл шешімі оқушылар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға және дұрыс емес рационға байланысты аурулардың алдын алуға бағытталған. Енді гамбургерлер мен тәтті газды сусындар мектеп асханалары үшін өткеннің еншісінде қалады.