Республика күні қарсаңында Қазақстанның Астана, Алматы қалаларында және төрт облысында 10 жаңа білім беру нысаны ашылды. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары және инновациялық оқу орталығы бар.
Астанада жалпы сыйымдылығы 1 500 орын болатын екі оқушылар сарайы жұмысын бастады. Алматыда 880 орынға арналған үш балабақша ашылды. Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының ауылдық елді мекендерінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. Талдықорғанда 300 орындық «Білім-инновация» лицей-интернаты, ал Қаражал қаласында 80 оқушыға арналған № 5 мектептің жаңа ғимараты ашылды.
Ақтөбеде 300 адамға арналған Aqtobe IT Hub оқу орталығы жұмысын бастады. Мұнда жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттары бойынша білім беріледі.
Салалық ведомстволардың мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Білім беру инфрақұрылымын дамыту оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге, сондай-ақ балаларға заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.








