Жаңалықтар

ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ ҮЗІЛІСТЕР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ БЕРЕШЕГІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ НАЗАРЫНА ІЛІКТІ

Алматы қаласының медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмек сатып алу және пациенттерді тегін қамтамасыз етуге арналған препараттарды заңсыз сату фактілері тексеріледі. Тиісті тексерулер жүргізу туралы тапсырманы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында берді.

Фармация комитеті прокуратурамен бірлесіп, бірыңғай дистрибьюторды айналып өтіп, дәрі-дәрмек сатып алудың негізділігін анықтауы тиіс. Сондай-ақ тегін берілетін препараттардың бөлшек саудаға түсіп кету фактілері тексеріледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.

Министр дәрі-дәрмек берудегі іркілістерге де назар аударды. Оның айтуынша, пациенттердің әрбір өтініші бойынша дәрі-дәрмектің кешіктірілу себептері анықталып, тағайындалған еммен қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдануы керек.

Сонымен қатар дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті оңтайландыру нәтижесінде 42,5 млрд теңгеге, оның ішінде Алматыда 15,8 млрд теңгеге артық сатып алудың алдын алуға мүмкіндік туды. Алайда қалалық денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық жағдай әлі де назар аударуды қажет етеді. Бюджет көлемі 393,7 млрд теңге болғанымен, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жыл басындағы 6,12 млрд теңгеден 17,66 млрд теңгеге дейін өскен.

Алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар қатарында қаржылық бақылауды күшейту, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігер қабылдауын күту мерзімін қысқарту, кадр мәселелерін шешу және басқаруға цифрлық құралдарды енгізу бар.

Back to top button