Жаңалықтар

БАСҚА ӨҢІРГЕ КӨШУ ОҢАЙЛАДЫ: БАРЛЫҚ АҚПАРАТ БІР ЦИФРЛЫҚ СЕРВИСТЕ ЖИНАҚТАЛДЫ

Қазақстанның басқа өңіріне қоныс аударуды жоспарлау енді әлдеқайда жеңіл болды. Ерікті қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген азаматтар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрмыс жағдайы мен инфрақұрылым туралы барлық қажетті мәліметті біріктіретін цифрлық сервис іске қосылды.

Енді бағдарламаға қатысушыларға ақпаратты әртүрлі дереккөзден іздеудің қажеті жоқ. Қызықтырған өңірді таңдау арқылы қандай мамандарға сұраныс барын, қандай бос жұмыс орындары ұсынылатынын, қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін және өңірдегі өмір сүру жағдайын білуге болады.

Сервисте сұранысқа ие мамандықтардың өзекті базасына ерекше мән берілген. Ол өңірлік еңбек нарығының қажеттілігіне қарай тұрақты жаңартылып отырады. Бұл жұмыс іздеушілерге өз білімі мен тәжірибесінің қай өңірде жоғары сұранысқа ие екенін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау, білім беру, инженерия, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Ең қажет мамандар қатарында дәрігерлер, мейіргерлер, педагогтер, инженерлер, агрономдар, ветеринарлар, механизаторлар, тракторшылар, жүргізушілер, электр монтерлері, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар, тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар, әрлеушілер, бухгалтерлер, экономистер, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік сала мамандары бар.

Жұмысқа орналасу туралы мәліметтен бөлек, пайдаланушыларға елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес беретін мамандардың байланыс деректері қамтылған интерактивті карта да қолжетімді.

2026 жылы ерікті қоныс аудару бағдарламасына еліміздің жеті өңірі енгізілді. Олар: Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.

Back to top button