Жаңалықтар

МЕРДІГЕР МЕН ЭКС-ШЕНЕУНІК 78 МЛН ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРУ ІСІ БОЙЫНША КҮДІКТІЛЕР ҚАТАРЫНА ІЛІКТІ

Ақмола облысының Бұланды ауданында Никольское ауылындағы жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Іс бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйымның өкілдері күдікті ретінде танылды.

Прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы ауыл арасындағы 5,4 шақырым жолды жөндеуге 167,8 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Оны орындау мерзімі 2024 жылғы желтоқсанда аяқталған. Бұл ретте мердігерге 103 млн теңге аударылған.

Тексеру нәтижесінде 78 млн теңгеге бағаланған жұмыстардың іс жүзінде орындалмағаны, ал бөлінген қаражаттың жол жөндеуге қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалғаны анықталды.

Аса ірі мөлшерде қаражат жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларына берілді.

Back to top button