Біздің редакциямызға Астана қаласының тұрғыны, ауыр науқас баланың әкесі Миерман Бисимбаев жүгінді. Ол медициналық мекемелердің сот растаған кінәсіне қарамастан, ұлының денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қалай тоқтатылғанын айтты.
Дарын Бисембаев 2019 жылдың сәуір айында дені сау бала болып дүниеге келген. Алайда, сегіз айлық кезінде оң қолының құрысуы пайда болып, қолы көтерілмей қалған. Ата-анасы Жітіқара аудандық ауруханасына жүгінген, онда баланы педиатр және травматолог қараған. Травматологтың қорытындысы бойынша алаңдатарлық белгілер анықталмаған — баланың қолы әншейін «ұзақ жатқаннан басылып қалған» деп болжанған.
Келесі күні, 2019 жылғы 26 желтоқсанда ата-анасы Қостанай облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Ұзақ уақыт стационарда — шамамен екі жарым ай емделгеннен кейін, бала ауыр хәлде шығарылып, Астана қаласындағы №3 көпсалалы қалалық ауруханаға емді жалғастыруға жіберілген, 2020 жылдың 17 ақпанында ем алуды бастаған. Бүгінде Дарын мүгедектігі бар, тұрақты күтімге толық тәуелді бала.
2022 жылы фармаконтроль департаменті жүргізген тексеру медициналық мекемелердің тарапынан заңбұзушылықтарын растады. Қорытынды бойынша, дұрыс диагноз қою және уақытылы емдеу нәтижесінде зардаптардың ауырлығын едәуір төмендетуге болар еді. Бұл фактілер азаматтық талап-арыздардың негізі болды.
2023-2024 жылдары бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Жітіқара аудандық және Қостанай облыстық балалар ауруханасының кінәсін анықтады. Отбасының талаптарының бір бөлігі қанағаттандырылды, соттар заң бұзушылықтардың бар екенін мойындады, денсаулыққа келтірілген зиян фактісін растады. Алайда, апелляцияда басқа істе ұқсас жағдайлар өзгеше қарастырылғанына қарамастан, ауруханалардың бірінен моральдық зиян үшін өтемақы төлеу алынып тасталды.
Қылмыстық іс бойынша жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады. Ұзақ уақыт іс қозғаудан бас тартқаннан кейін тергеу соты полицияның әрекетсіздігін заңсыз деп танып, 2023 жылдың маусымында қылмыстық іс қозғалды. Кейінірек, қайталама сот-медициналық сараптама нәтижесінде, бұрын белгіленген сот шешімдері мен жіберілген медициналық заңбұзушылықтар туралы қорытындыларға қарамастан, тергеу дәрігерлердің әрекеттері мен баланың мүгедектігі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыстың жоқтығы туралы қорытынды жасады.
2025 жылдың мамырында қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда, баланың әкесінің айтуынша, бұл туралы отбасыға ресми түрде хабар берілмеген. Тек кейінірек, өз бастамасы бойынша, ол СТБТ — де істің жабылғанын анықтаған.
Бисембаевтар отбасының басынан кешкегі-бұл жеке трагедия ғана емес, сонымен қатар қылмыстық сот ісін жүргізу тәжірибесінде медициналық қателіктерге байланысты істерде объективті бағалауға қол жеткізу қаншалықты қиын екендігінің айқын мысалы. Біз уәкілетті органдарды болған оқиғаның барлық мән-жайларына жан-жақты және әділ құқықтық баға беруге шақырамыз.
Отбасын қолдағысы немесе Дарынның ата-анасымен тікелей байланысқысы келетіндер үшін біз олардың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунтының сілтемесін саламыз.