Шортанды ауданының прокуратурасы жекелеген мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру барысында бірқатар шенеуніктің құмар ойындарға қатысып, букмекерлік сервистер арқылы бәс тіккені белгілі болды.
Мемлекеттік қызметшілердің бірі букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасындағы ойын шотын тұрақты түрде толықтырып отырған. Оның ойынға салған қаражатының жалпы сомасы 5,7 млн теңгеден асты.
Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп талаптары туралы заңнама нормаларының бұзылғанын анықтады.
Тиісті органдардың атына прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оның нәтижесінде кінәлі мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар аудандағы мемлекеттік органдарда мұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
