Жаңалықтар

«РЕЗЕҢКЕ ПӘТЕРЛЕРГЕ» ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДІ

Қазақстанда шетел азаматтарын жалған тіркеу фактілеріне қарсы шаралар жалғасып жатыр. Әңгіме көпшілікке белгілі «резеңке пәтерлер» туралы болып отыр. Бұл — тұрғын үй иелері өз мекенжайына шетелдіктерді тіркегенімен, олардың іс жүзінде онда тұрмайтын жағдайлары. Мұндай әрекеттер пайда табу мақсатында жасалып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 493-бабымен жауапкершілікке тартылады.

Заң бойынша, үшінші тұлғаларды (оның ішінде шетелдіктерді) жалған тіркеу азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салуға әкеледі. Лауазымды тұлғалар мен ұйымдар үшін жаза қатаң — 15-тен 50 АЕК-ке дейін. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе өседі. Яғни, үйінде тұрмайтын шетелдікті тіркеген меншік иесі әкімшілік жазаға тартылады.

Айта кетерлігі, жалған тіркеу — әдейі берілген жалған мәлімет болып саналады. Ал шетелдік шынымен көрсетілген мекенжайда тұрса, бірақ үй иесі көші-қон органдарына дер кезінде хабарламаған жағдайда, бұл әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабымен қаралады. Бірінші жағдайда — әдейі алдау, екіншісінде — хабарлау тәртібін бұзу орын алады.

Мәселенің өзекті тұсы — жалған тіркеудің жаппай сипат алуы. Бұған дейін жүздеген, тіпті мыңдаған шетелдік «тұратын» пәтерлер анықталған жағдайлар болған. Мұндай фактілерде сөз тек айыппұлмен шектелмей, заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылады.

Тұрғын үй иелері шетелдіктерді тіркеу заңды болуы тиіс екенін есте ұстағаны жөн. Егер пәтер шын мәнінде жалға берілсе, қонақ нақты мекенжайда тұруы керек, ал меншік иесі көші-қон қызметіне дер кезінде хабарлуаға міндетті.

Мамандар жалған тіркеудің айыппұл немесе қылмыстық жазаға әкеліп қана қоймай, көші-қонның көлеңкелі нарығын күшейтетінін ескертеді. Бұл өз кезегінде елдің қауіпсіздігіне және қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button