Жаңалықтар

СЕНАТ ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕРДІ ҚАРАУДЫ АЯҚТАДЫ

Атқарушылық іс жүргізуді және сот орындаушыларының қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Қазақстан Парламенті Сенаты мақұлдады.

Құжат депутаттардың, Әділет министрлігінің, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірленді. Заң жобасын дайындау барысында негізгі нормалар мен түскен ұсыныстар талқыланған 20-ға жуық жұмыс кездесуі өтті.

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мәліметінше, мемлекет, азаматтар, бизнес және кәсіби қауымдастық мүдделерінің теңгерімін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде ең көп талқылау тудырған бірқатар бастама заң жобасынан алынып тасталды.

Негізгі жаңашылдықтар қатарында:

  •  Айыппұлдар мен салық берешегін жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алу шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
  • Сот орындаушылары борышкерлерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын ескертуге міндеттеледі. Қазіргі кезде мұндай мерзім бір күнге дейін қысқаруы мүмкін.
  • Атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткеннен кейін барлық мәжбүрлеп орындату шаралары жеке сот орындаушыларының қатысуынсыз аумақтық әділет органдары тарапынан автоматты түрде күшін жояды.
  • Мүгедектік бойынша жәрдемақылардан және өзге де әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу мөлшері 25 пайыздан аспайды.
  • Алименттерге арналған арнайы шоттар енгізіліп, оларға тыйым салу шараларын қолдануға жол берілмейді.

Жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру мақсатында үш жыл сайын міндетті аттестаттау енгізіледі. Аттестаттау заңнаманы және кәсіби ар-намыс кодексін білу деңгейін қамтиды. Аттестаттаудан өтпеу лицензиядан айыруға негіз болады.

Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының лицензиясын қазіргідей сот емес, уәкілетті органның шешімімен кері қайтару көзделген. Бұдан бөлек, сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі енгізіледі.

Әділет органдарына қосымша бақылау өкілеттіктері беріледі. Атап айтқанда, олар жеке сот орындаушыларынан банктік үзінді көшірмелерді сұратуға және заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындамаған жағдайда лицензияның қолданысын тоқтата тұруға құқылы болады.

Түзетулер қамауға алынған мүлікті электрондық сауда арқылы өткізу тәртібін жетілдіруді, атқарушылық құжаттарды атқарушылық округтер арасында негізсіз беруге жол бермеуді және борышкер заңды тұлғалар басшыларын іздестіру тетігін енгізуді де көздейді.

Қабылданған түзетулер жеке атқару институтын одан әрі дамытуға, сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға және атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Заңнамада көзделген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Back to top button