Жаңалықтар

СКРИНИНГ — ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫҢА ЖАСАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

26 тамыз күні Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ғалымжанқызы Рақышева Денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру бағдарламасы аясында өткен журналистермен кездесуде профилактикалық тексерулердің маңыздылығына тоқталып, қалада түрлі ауруларды қамтитын скринингтік бағдарламалар туралы айтты.

«Жыл сайынғы профилактикалық тексерулер — жай ғана формальдылық емес, өмір мен денсаулықты сақтап қалудың нақты мүмкіндігі, — деді Рақышева. — Көптеген аурулар жасырын түрде дамып, кеш кезеңдерге дейін ешқандай белгі бермейді. Скрининг оларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, ал бұл кезде ем ең тиімді болады».

Қонаевта жүрек-қан тамырлары ауруларын (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы) 40-76 жас аралығында, қант диабетін 40-76 жас аралығында, глаукоманы 40-76 жас аралығында, мінез-құлықтық қауіп факторларын, 40-76 жастағы әйелдерде сүт безі қатерлі ісігін және 30-74 жастағы әйелдерде жатыр мойны қатерлі ісігін ерте диагностикалау бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Тексеруден өту үшін емханаға барып, жеке куәлікті көрсету жеткілікті. Жазылу тіркеу бөлімі, call-орталық немесе «Дамумед» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер де науқастарды жас ерекшелігіне қарай шақырып, тізімдер жасайды.

Аурухана директорының айтуынша, биылдан бастап онкоскринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуына қарамастан, барлық азаматтар үшін қолжетімді болды.

«Бұл — елдің әрбір тұрғынына ерте диагностикаға тең қолжетімділік берудің маңызды қадамы», — деп атап өтті аурухана директоры.

Сол күні ол ағымдағы жылдың 29 тамызында Қонаевта диагностикалық эндоскопиялық зерттеулер жүргізуге арналған скринингтік эндоскопиялық орталық ашылатынын хабарлады. Орталықтың мақсаты — асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісіктері мен обырға дейінгі ауруларын ерте анықтау және эндоскопиялық зерттеу әдістерін қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету.

Айман Рақышеваның айтуынша, өзіңді толық сау сезінсең де тексеруді кейінге қалдыруға болмайды. Үнемі скринингтен өту сенімділік береді әрі ауыр қауіптердің алдын алады. Ауруды белгілері шықпай тұрып анықтау — емді жедел әрі тиімді етеді.

«Ерте әрекет ету асқынулардың алдын алып, өмір сапасын сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар бұл уақыт пен қаржыны үнемдейді: аурумен кеш сатысында күресу әрқашан қиынырақ әрі қымбатқа түседі. Скрининг — бұл өз денсаулығыңа жасалған инвестиция», — деп түйіндеді Айман Рақышева.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button