ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР БАСТАЛДЫ
Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат құрылыс саласына бақылауды күшейтуге, қалаларды жоспарлауға негізсіз өзгерістер енгізуді шектеуге және тұрғын үй сатып алушылар алдындағы құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Енді қала құрылысы жобалары мемлекеттік кадастр жүйесімен салыстырылып тексеріледі. Бас жоспарларға қайшы келетін рұқсаттарды беруге шектеу қойылады. Ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын екі жылда бір реттен жиі түзетуге жол берілмейді.
Құрылыс жобалары қоғамдық талқылауға шығарылып, оның қорытындылары әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады. Бұл қала құрылысы саласындағы шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжатта сейсмикалық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылған. Сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылыс жүргізу кезінде тәуекелдер бағаланып, микросейсмикалық аудандастыру карталары ескеріледі әрі қосымша бақылау тетіктері енгізіледі. Сонымен қатар елде Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады.
Екі жылдан кейін инженерлік кадрларды аттестаттау жүйесінің орнына мамандарды сертификаттау жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ лицензия иелерінің электрондық тізімі құрылып, бұрын берілген рұқсаттарды қайта қарауға мүмкіндік беріледі.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына заңбұзушылық анықталған жағдайда құрылыс жұмыстарын және рұқсат құжаттарының қолданылуын тоқтата тұру құқығы беріледі. Ал нысандарды пайдалануға қабылдау процесіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен өрт қауіпсіздігі қызметінің өкілдері қатысады.
Құрылыс нысандарына берілетін кепілдік мерзімі екі жылдан бес жылға дейін ұзартылады. Ал көтергіш конструкциялар, шатыр және қасбеттер үшін кепілдік мерзімі кемінде он жыл болады.
Жоспарлаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерістер Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталында біріктіріледі. Әрбір құрылыс нысанына барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін бірегей нөмір беріледі.
Жаңа Құрылыс кодексі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бизнес қауымдастық, салалық бірлестіктер және сарапшылармен өткен талқылаулардың нәтижесінде әзірленді.
