Соңғы бірнеше жылда біз ойын бизнесінің Қазақстан экономикасы мен туризм саласы үшін маңызы туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Бүгінде бұл тақырып жаңа сипатқа ие болды.
2026 жылғы 17 мамырға дейін Қазақстанда казино орналастыруға тек екі аумақта — Қапшағай су қоймасының жағалауында және Бурабай курорттық аймағында ғана рұқсат етілген еді. Мұндай тәртіп 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданғаннан кейін енгізіліп, казино қызметі арнайы белгіленген екі ойын аймағында шоғырландырылды.
Алайда биыл наурыз айында туризм саласын қолдау мәселелері бойынша түзетулер қабылданып, ойын бизнесі нысандарын орналастыруға рұқсат етілетін аумақтар тізімі кеңейтілді. Тиісті заңға 2026 жылғы 16 наурызда қол қойылып, 17 мамырдан бастап күшіне енді. Жаңа әлеуетті ойын аймақтарының қатарына Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы, Жетісу облысының Панфилов ауданы мен Алакөл көлінің жағалауы, Алматы облысының Талғар ауданы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары енгізілді. Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап Алатау қаласының аумағында да ойын бизнесін жүргізуге рұқсат беріледі.
Іс жүзінде мемлекет ойын бизнесінің инвестиция тартудың, бюджет кірісін арттырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және туристік инфрақұрылымды дамытудың маңызды көзі бола алатынын мойындады.
Мұның тағы бір дәлелі — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың 9 маусымда Үкіметтегі брифингте жасаған мәлімдемесі. Оның айтуынша, жаңа ойын аймақтарын құру үшін жер телімдерін айқындау және инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең дайын алаңдардың бірі ретінде Алматы облысындағы Ақбұлақ аумағы қарастырылуда. Бұл жерде қажетті инфрақұрылымның белгілі бір бөлігі қалыптасқан. Сонымен қатар министр Маңғыстау облысын да перспективалы өңірлердің қатарына қосты. Алдын ала жоспар бойынша жаңа казинолар 2027 жылдан бастап жұмысын бастауы мүмкін.
Осы шешімдер аясында заңды сұрақ туындайды: Қонаев қаласы мен Бурабай ауданындағы қолданыстағы ойын аймақтарының болашағы қандай болмақ?
Өйткені дәл осы өңірлерде Қазақстанның заңды ойын бизнесі соңғы жиырма жылға жуық уақыт бойы дамып келеді. Қазір елімізде алты казино мен бірнеше ойын автоматы залы жұмыс істейді. Олар саланың реттелетін сегментінің негізін құрайды. Бұл жерде әңгіме тек ойын мекемелері туралы ғана емес. Олардың айналасында қонақүйлер, мейрамханалар, көлік компаниялары, күзет қызметтері, техникалық және сервистік ұйымдар жұмыс істейді. Сала тікелей де, оған сабақтас бизнес бағыттары арқылы да халықты жұмыспен қамтып отыр.
Бұл ретте Қонаев қаласының маңызы ерекше. Бүгінде ол еліміздің туристік әлеуеті жоғары орталықтарының бірі ретінде қарастырылуда. Алматыға жақын орналасуы, Қапшағай су қоймасының жағалауы және қалыптасқан ойын инфрақұрылымы туристер ағынын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты бірқатар сауал туындайды. Қолданыстағы ойын аймақтарын дамыту үшін қандай шаралар жоспарланған? Инвестиция тартудың жаңа тетіктері қарастырыла ма? Инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыс істеп тұрған бизнеске қосымша ынталандыру тетіктерін енгізу көзделген бе?Егер мемлекет жаңа ойын аймақтарын ашудан перспектива көрсе, онда қолданыстағы алаңдардың дамуына да дәл сондай көңіл бөлінеді деп күту орынды. Себебі кез келген инвестор болашақ жобаларды ғана емес, саланың қазіргі жағдайын да бағалайды.
Түптеп келгенде, қолданыстағы ойын аймақтарының даму нәтижелері Қазақстанның заңды ойын бизнесінің әлеуетін заманауи туристік экономиканың маңызды тетіктерінің бірі ретінде қаншалықты тиімді пайдалана алатынын көрсетеді.
