Қазақстанда амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары жаңартылды. Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 16 шілдедегі бұйрығы 3 тамыздан бастап күшіне енді.
Мамандандырылған медициналық көмек бұрынғыдай консультациялық-диагностикалық көмек, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлар форматында көрсетіледі. Медициналық қызметтер енді тек денсаулық сақтау ұйымдарында ғана емес, сондай-ақ науқастың үйінде, мобильді медициналық бригадалар арқылы, жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздарда, травматологиялық пункттерде, білім беру ұйымдарында және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде де ұсынылады.
Жаңартылған қағидалар дәрігерлік шешім қабылдауды қолдау мақсатында диагностикалық зерттеулер барысында цифрлық технологияларды пайдалануды көздейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілді. Оған тұқым қуалайтын туа біткен ақаулар мен даму бұзылыстарын ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер енгізілді. Сонымен қатар әлеуметтік мәні бар аурулары бар, динамикалық бақылауда тұрған және медициналық оңалтудан өтіп жатқан пациенттерге арналған мамандандырылған қызметтер айқындалды.
Емдеу нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеде міндетті түрде тіркеліп, көрсетілген медициналық көмектің қорытындысы енгізілуі тиіс. Қажет болған жағдайда маман пациентті қосымша тексерулерге және үш түрлі бейіндегі дәрігердің консультациясына жібере алады.
Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді мамандардың қабылдауына өз бетінше жазылу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл қызмет тіркеу бөлімі, call-орталық, мобильді қосымшалар және электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді.
Медициналық ұйымдар мамандардың қабылдау кестесін кемінде 60 күн бұрын жариялауға міндетті. Тексеру нәтижелері, диагноз және емдеу жоспары да электрондық жүйеге енгізілуі қажет. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда құжаттарды уақытша қағаз түрінде жүргізуге рұқсат етіледі, алайда барлық мәлімет бір ай ішінде ақпараттық жүйеге енгізілуі тиіс.
