Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫНА МИЛЛИАРДТАҒАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Алматы облысына тартылған инвестицияның 12,7 пайызы Талғар ауданының үлесіне тиесілі. Биыл ауданда алты инвестициялық жоба жүзеге асырылды, жыл соңына дейін тағы он жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Шыңғыс Әрінов тұрғындармен кездесуде мәлімдеді.

Ауданда 22,4 мың кәсіпкер тіркелген. Олар 43 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілген өнім көлемі 560 млрд теңгеге жетсе, салық түсімдері 34,7 млрд теңгені құрады.

Жүзеге асырылған жобалардың қатарында логистикалық орталықтар мен модульді бетон үйлер шығаратын зауыт бар. Жыл соңына дейін «СтройИнвест» кешенінің, Uneed Us зауытының және Alatau Green Production жылыжай өндірісінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Жыл басынан бері ауданға 60 мыңға жуық турист келген. Туристік қызметтер көлемі 2,5 млрд теңгеге жетті. Oi-Qaragai тау курортын кеңейтуге 50 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Ал Bizdin Auyl демалыс аймағына 1,5 млрд теңге тартылып, 50 жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 19,9 млрд теңгені құрайтын үш жоба жүзеге асырылуда. Биыл 111,6 мың тонна өнім жиналды. Су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің 63 пайызына енгізілген. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан 3,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ұзындығы 77,5 шақырым жолды жөндеуге 3,6 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы Алматы – Талғар – Байдібек би тасжолының сегіз шақырымдық бөлігін төрт жолақты етіп кеңейту жоспарланып отыр. Қазір 46 елді мекеннің 42-сі газдандырылған. Қалған ауылдардағы жұмыстарды 2027 жылы аяқтау көзделген.

Соңғы екі жылда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 385 пәтер берілді. Бірақ тұрғын үй кезегінде әлі де 9 677 адам тұр. Ауданда 5 700 оқушыға арналған жеті мектеп салынды. Қазіргі уақытта бір білім беру ұйымында үш ауысымды оқу жүйесі сақталып отыр.

Талғар қаласында балалар футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында ашу жоспарланған. Академия аумағында 10 мың көрерменге арналған стадион да салынбақ.

Полиция штаты 62 қызметкермен толықты. Ауданда 1 113 бейнекамерамен жабдықталған Жедел басқару орталығы іске қосылды. Әкімдік мәліметінше, қылмыс саны 27,8 пайызға азайған.

Кездесу барысында тұрғындар ауызсу берудегі үзілістерге, жолдардың жай-күйіне және мектептердегі орын тапшылығына қатысты шағымдарын жеткізді. Билік өкілдері су тапшылығының туындауын халық санының өсуімен байланыстырды. Осыған орай жаңа су желілерін салу жобасын әзірлеуге уәде берілді. Ал Алатау тасжолының мектептен айналма жолға дейінгі бөлігін жөндеу жұмыстарын қыс мезгіліне дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ тұрғын үйлерге жақын орналасқан өнеркәсіп орындарының экологиялық қауіпсіздігі және Қызылқайрат пен Байбұлақ ауылдарындағы мектеп орындарының тапшылығы мәселелері талқыланды. Шыңғыс Әрінов өнеркәсіп орындарына қатысты жағдайды жеке бақылауына алатынын айтты. Ал мектептердегі орын тапшылығын шешу үшін инвесторлар тарту мәселесі қарастырылуда.

Back to top button