Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел жәрдем станциялары басшыларының және олардың орынбасарларының 20 пайызы аттестаттаудың алғашқы кезеңінде қажетті өту балын жинай алмады. Тестілеу 14 қазанда басталды және 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуден 15 өңірден 235 адам өтті. Оның 188-і (80 пайызы) сынақтан сәтті өтті. Ал 47 адам, оның ішінде 25 басшы мен 22 орынбасар қажетті балл жинай алмады. Тағы 27 маман тестілеуге келмеген.
Ең көп қанағаттанарлықсыз нәтиже Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелді. Бұл өңірлер тестілеуден өте алмағандардың жалпы санының 55,3 пайызын құрайды. Ал Астана мен Павлодар облысында барлық қатысушы өту балын жинаған.
Аттестаттау тек аталған медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларына қатысты жүргізіледі. Тестілеуден өте алмағандар әңгімелесуге жіберілмейді және алты айдан кейін аттестаттауды қайта тапсыра алады.
Тестілеу желтоқсан айының соңына дейін жалғасатындықтан, жарияланған мәліметтер әзірге аралық көрсеткіш болып саналады.
