Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕРМЕН ЖАБДЫҚТАЛУДА

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмалары аясында Қазақстанның көлік саласына енгізіліп жатқан цифрлық шешімдермен танысты.
Көлік министрлігінің ахуалдық орталығында автомобиль, теміржол және әуе көлігіне арналған негізгі IT-жобалар таныстырылды.

Автожол саласында бейнекамералар, салмақ өлшейтін кешендер және жол жүру ақысын төлеу жүйелерінің деректерін біріктіретін Ұлттық бейнебақылау жүйесі енгізілуде. Алдағы уақытта жасанды интеллект тәуекелдерді болжауға, жолдағы жағдайды талдауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. e-Joldar жүйесі қазірдің өзінде 41 мыңнан астам шақырым республикалық маңызы бар жолды цифрландырды. Жүйе жолдардың жай-күйін, құрылыс материалдарының сапасын және жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражатты бақылауға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін еліміздің 185 мың шақырымдық жол желісінің барлығын цифрлық мониторингпен қамту жоспарланып отыр.

Smart Cargo платформасы 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктіріп, халықаралық жүктерді «бір терезе» қағидаты бойынша бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жүктердің шекарадан өту жылдамдығы 30%-ға артып, тасымалдаушылардың күту уақыты 10 есеге қысқарған.

Әуежайларда жолаушыларды тексеру уақытын 15–50 секундқа дейін қысқартатын Q-Gate биометриялық терминалдары енгізілуде. QazETA платформасы шетелдік туристерге елге кіруге арналған электрондық рұқсатты алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Теміржол саласында KinetiX жүйесі жылжымалы құрамның техникалық диагностикасын автоматтандырады. Оны қолдану техникалық тексеру уақытын 30%-ға қысқартып, қолмен жүргізілетін өлшеу көлемін 70%-ға азайтты. Ал Trip Optimizer пойыздар қозғалысын автоматтандырылған басқару үшін қолданылады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі үш есеге өсіп, 14 трлн теңгеден асты. Осы кезеңде 5 мың шақырым теміржол және 5 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді. Теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетті.

Алдағы үш жылда 2,2 мың шақырым жаңа теміржол салу және теміржол транзитінің көлемін 77 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар теңіз порттарының өткізу қуатын төрт есеге ұлғайту көзделген.

Олжас Бектенов ұсынылған цифрлық шешімдерді бүкіл ел бойынша енгізу жұмыстарын жеделдетуді және көлік пен сабақтас салалардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауды тапсырды. Саладағы негізгі басымдықтар – қауіпсіздікті арттыру, тасымалдау мерзімдерін қысқарту және шығындарды оңтайландыру.

Back to top button