Қонаев қаласында ауқымды инфрақұрылымдық жоба – жаңа кәріз-тазарту кешенінің құрылысы басталды. Жобаны іске асыруға 33 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланып отыр.

Қала шегінен небәрі 3-4 шақырым жерде орналасқан қолданыстағы нысан өзінің пайдалану мерзімін толығымен атқарған. Нысан техникалық тұрғыдан ескіріп қана қоймай, жағымсыз иістің салдарынан тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Тұрғындар кәріз суының иісіне бірнеше рет шағымданған.

Осыған байланысты, Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа кешенді Қонаев қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы шалғай жерде салу туралы шешім қабылданды. Бұл орналасу елді мекендерге әсерді барынша азайтып, аймақтың экологиялық қауіпсіздігін арттырады.

Жобаның тапсырыс берушісі-Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы. Іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматында жүзеге асырылады. Бизнес тарапынан серіктес «Daur Capital» ЖШС болды. Жобаны іске асыру мерзімі шамамен 20 айды құрайды.

Жобалық параметрлерге сәйкес жаңа кәріз-тазарту құрылысының қуаты тәулігіне 25 текше метрден асады. Кешенді 215 гектар жерге орналастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта мамандар жер жұмыстарын бастамас бұрын дайындық шараларына кірісті. Негізгі технологиялық жабдықтар, құбыр жүйелері, сондай-ақ жинақтаушы тоғандарды орнатуға арналған гидрооқшаулағыш материалдар сатып алынды.

Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін ескі құрылым қалпына келтірілетін болады. Бұл қоршаған ортаға әсер ету көзін жойып қана қоймай, нормативтік талаптарға сәйкес аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы Қонаевтың қоғамдық инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болып, қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

