Жаңалықтар

ЖАПОН РАМЕНІ ҚАЗАҚСТАНША: AJISEN RAMEN ЖЕЛІСІ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

Жапонияның AJISEN RAMEN мейрамханалар желісі Орталық Азиядағы қатысу аясын кеңейтеді. Қазақстандық Shin-Line Group пен бренд иесі жапондық Shigemitsu Industry компаниясы мастер-франшиза туралы келісімге қол қойып, бірлескен кәсіпорын құру жөнінде уағдаласты.

2027-2031 жылдары Қазақстанда және өңір елдерінде AJISEN RAMEN-нің 50-ге жуық мейрамханасын ашу жоспарланып отыр.

Келісімге Жапониядағы Қазақстан елшілігінде Shin-Line Group президенті Андрей Шин мен Shigemitsu Industry президенті Кацуаки Шигэмицу қол қойды.

Жобаны іске асыру үшін «Ajisen Ramen Central Asia» компаниясы құрылады. Ол мейрамханалар желісін басқару, франчайзинг, өнім өндіру және мәзірді жергілікті нарыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысады.

Қазақстан жобаның өндірістік және логистикалық орталығына айналады. Осы жерден бренд Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына кезең-кезеңімен шығуды жоспарлап отыр.

Алғашқы мейрамхана Алматыда ашылады. Сонымен қатар Алматы облысының Байсерке ауылындағы Shin-Line өндірістік алаңында орталықтандырылған фабрика-асүй құрылады. Ол жергілікті шикізатты пайдалана отырып, мейрамханаларды бірыңғай жапон стандарттарына сай дайындалған өніммен қамтамасыз етеді.

Өнімдердің рецептурасы мен технологиялары жергілікті тұтынушылардың талғамына бейімделгенімен, жапондық сапа стандарттары сақталады. Сонымен қатар өнімдер халал талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Серіктестердің айтуынша, жоба инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне жапон технологиялары мен заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

 

 

Back to top button