Жаңалықтар

«ҚАЗАВТОЖОЛ» СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАЛАРЫН ӘШКЕРЕЛЕДІ

 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол құрылысы саласында жаңа сыбайлас жемқорлық фактілері анықталғанын мәлімдеді. Ұлттық компанияның мәліметінше, екі эпизод бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Оқиғалардың бірі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Компанияның хабарлауынша, «ҚазАвтоЖолдың» өтініші негізінде 2026 жылғы 8 шілдеде ҰҚК департаментінің қызметкерлері мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін ұстады. Тергеу мәліметінше, ол орындалған жұмыстардың аралық қабылдау актісіне қол қойғаны үшін оның құнының 1 пайызы көлемінде заңсыз сыйақы алған.

Тағы бір тергеу Ақмола облысында басталды. Көкшетау көлік прокуратурасы «КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Бұған «ҚазАвтоЖол» жүргізген қызметтік тексеру мен аудит қорытындылары негіз болған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал 24 млн теңгеден асады.

Ұлттық компанияның мәліметінше, екі дерек те ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің жұмысы барысында анықталған. «ҚазАвтоЖол» құқық қорғау, арнайы және қадағалау органдарымен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті.

Компания сондай-ақ 2025 жылғы шілдеден бастап техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар санатына жатқызылғанын еске салды. Соған сәйкес, оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада көзделген барлық шектеулер мен жауапкершілік шаралары қолданылады.

«ҚазАвтоЖол» ықтимал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы барлық материалдарды, болжамды бұзушы қандай лауазымға ие болғанына және ол қандай ұйым атынан өкілдік ететініне қарамастан, құзыретті органдарға әрі қарай беруге ниетті екенін мәлімдеді.

 

Back to top button