Жаңалықтар

ЖОҚ ЖИҺАЗ ҮШІН 24,6 МЛН ТЕҢГЕ АЛҒАН

 

Астанада тапсырыспен жиһаз жасап береміз деген желеумен азаматтарды алдап, ақша жымқырған екі ер адамға қатысты қылмыстық іс аяқталды.

Құқық қорғау органдарына жәбірленушілердің бірінің арызы негіз болды. Ер адам Instagram әлеуметтік желісінен жиһаз жасау қызметі туралы жарнаманы көріп, келісімшартқа отырған. Өлшеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін орындаушыларға 4,5 млн теңге аударған. Алайда қаражатты алған соң мердігерлер байланысқа шықпай кеткен.

Тергеу барысында жәбірленушілер саны әлдеқайда көп екені анықталған. Сотталушылардың әрекетінен 19 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 24,6 млн теңгеден асқан.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Сот олардың әрқайсысын алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ оларға 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын толық көлемде қанағаттандырды. Келтірілген материалдық шығын сотталғандардан өндірілетін болады.

Back to top button