Жаңалықтар

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ ТАРИХЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Алматы облысының әкімшілік орталығы — Қонаев қаласында жаңа жылдық безендіруге қатысты, тұрғындар тарапынан өткір сынға ұшыраған талқылаулар жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, қаланы мерекелік безендіруге 148 528 840 теңге бөлінгенімен, қорытынды жұмыстар тұрғындардың көңілінен шықпады.

Жұмыстарды жүргізуге келісім-шарт 2024 жылдың 19 желтоқсанында Қонаев қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясының басшысы Тимур Акмурзаев пен «Жасыл қала Қонаев» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Бахытжан Нуртаев арасында жасалған. Мәміле бір көзден алу әдісімен рәсімделген, бұл бірден бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы туралы сұрақтар туғызды.

Бұл жанжал БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, құқық қорғау органдарының шұғыл араласуына себеп болды. Қонаев қаласының прокуратурасы жағдайды талдап, заң бұзушылықтарды жою жөнінде қала әкіміне ұсыныс енгізді. Өз кезегінде, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (ІМАД) «Қонаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жоспардан тыс тексеру жүргізуді тапсырды.

Тексеру нәтижесі бойынша 76 миллион теңгеден астам соммаға қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тимур Акмурзаевқа конкурстық рәсімдерді жүргізбей келісім-шарт жасасқаны үшін жүз айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салынды.

Алматы облысы бойынша ІМАД аудиторлық есепке қазіргі уақытта мемлекеттік аудит объектісінің басшылығы қарсылықтарының бар екендігі туралы ескерте отырып қол қойғанын және осыған байланысты олар тексеру қорытындысына қарсылықты уәкілетті орган жанындағы апелляциялық комиссияға жіберіп жатқанын, оның нәтижелері қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

Жағдай қоғам мен құқық қорғау органдарының бақылауында қалады. Оқиғалардың қалай өрбитінін, қандай шаралар қолданылатынын уақыт көрсетеді.

Back to top button