Қонаев қаласында жаңа аймақтық «Qonaev TV» телеарнасын ашуды жоспарлап отыр, оны іске қосу үшін 2025 жылға жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы Алматы облысының ішкі саясат басқармасының біздің сауалымызға берген ресми жауабында айтылған.
Жауапта көрсетілгендей, 1.7 миллиард теңге ғимаратты жалға алуға, жабдықтар мен техниканы, көлікті, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға, цифрлық және аналогтық спутниктер арқылы хабар таратуға ақы төлеуге, сондай-ақ штатты ұстауға және өзге де ағымдағы шығындарға бағытталатын болады.
Бюджетті игеру 2025 жылдың сәуір айында басталады деп жоспарлануда.
Алайда, логикалық сұрақ туындайды: қазіргі экономикалық жағдайда мұндай шығындар қаншалықты орынды? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың қаңтарында:
«Қаншалықты қиын болса да, үкімет қаражаттың жалпы үнемделуін және олардың тек ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсалуын қамтамасыз етуі керек. Көрпеге қарай көсіліп, мүмкіндігімізбен өмір сүретін уақыт келді».
Халық әлеуметтік желілер арқылы контентті тұтынатын, ал барлық жетекші телеарналар контенттерін цифрлық платформаларға бейімдеп қойған ортада мұндай үлкен бюджетпен жаңа телеарна құрудың тиімділігіне күмән туындайды.
Заманауи техникалық жабдықтандыруды қамтамасыз ете отырып, бастапқы күрделі салымдарды өз мойнына алатын, ал мемлекет тарапынан тек бағдарламалық және мазмұнды қолдау көрсететін жеке инвесторды тарту ұтымды болмас па еді?
Қонаев қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту өте қажет екенін ескерсек. Неғұрлым ұтымды шешім, 1,7 миллиард теңгені — адамдардың өмірі тікелей тәуелді нысан, медициналық жедел жәрдем станциясын салуға бағыттау болар еді. Немесе, мысалы, дайындық деңгейін арттыру және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жаттығу базасы мен спорт залы бар заманауи өрт сөндіру бекетін салу.
Бір қызығы, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Президент Тоқаевтың «көрпеге қарай көсілетін» және мемлекет қаражатын тек қана ең өзекті мәселелерді шешуге бағыттау қажеттігі туралы мәлімдемесін қалай қабылдайды?
Ол қазіргі жағдайда нені орынды деп санайды – 1,7 миллиард теңгеге өңірлік телеарна ашу ма, әлде өмірлік маңызды әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салу ма? Әзірге бұл сұрақтардың жауабы ашық күйінде қалып отыр.
Біз жағдайды бақылауды жалғастырамыз және Qonaev TV жобасы қалай жүзеге асырылатыны және мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету үшін облыс басшылығы қандай қадамдар жасайтыны туралы хабардар ететін боламыз.