Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ІРІ ЭКСПОРТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Алматы облысының кәсіпорындары шетел нарықтарына өнім экспорттау аясын кеңейтуді жалғастыруда. Алматы облысы әкімі аппаратының мәліметінше, бүгінде өңірдегі 49 компанияның өнімі әлемнің 61 еліне экспортталады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 1,1 млрд АҚШ долларына немесе шамамен 515 млрд теңгеге жетті.

Орталық Азия елдерінен бөлек, өңір өнімдері Түркия, БАӘ, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға жеткізіледі. Соңғы үш жылда алыс шет елдерге экспорт көлемі екі еседен астам өсіп, 291,7 млн АҚШ долларына жетті.

Өңірдің негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі — Өзбекстан. Бұл елге экспорт көлемі 110 млн доллардан 203 млн долларға дейін артқан. Ең көп сұранысқа ие өнімдер қатарында ұн, сүт өнімдері және фармацевтикалық тауарлар бар.

Өңір экспортының негізін агроөнеркәсіптік өнімдер құрайды. Оның үлесіне барлық экспорттың 60 пайыздан астамы тиесілі. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібінің өнімдері, фармацевтикалық және темекі өнімдері де шетелге шығарылады.

Сыртқы нарықтарда ет, құс еті, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен сусындарға сұраныс жоғары. Алматы облысы көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Қазақстанда көш бастап келеді.

Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рахымбаевтың айтуынша, экспорттық әлеуеттің артуына кәсіпорындарды жаңғырту, бизнесті мемлекеттік қолдау және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту оң ықпал етіп отыр.

Оның сөзінше, Қытай — Еуропа халықаралық көлік дәлізі, БАКАД, сондай-ақ заманауи логистикалық орталықтар мен қойма кешендері өндірушілерге өнімді шетелдік серіктестерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Өңір кәсіпорындарының экспорттағы жетістіктері де экспорт көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы Shin-Line Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне рекордтық көлемде — 15 мың тонна балмұздақ экспорттаған. Fruit Art пен LST AGRO кәсіпорындары өндірген қызанақ пен сублимацияланған өнімнің шамамен 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. RG Brands Kazakhstan жыл сайын шетелге шырындар, алкогольсіз сусындар мен шай өнімдерін сатудың арқасында шамамен 60 млн доллар экспорттық кіріс алады.

Back to top button