Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөністі өңдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы зауыт іске қосылды. «Qazaq Global Food JV» кәсіпорны Еңбекшіқазақ ауданындағы Тескенсу ауылында ашылды. Жобаның инвестиция көлемі 9,5 млрд теңге.
Кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Алғашқы кезеңде мұнда Түркияға экспортталатын шырын концентраттары, жеміс езбесі мен пасталар өндіріледі. Жобаны «Alpecon Group» ЖШС түркиялық Göknur Gıda компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Бастама «Бәйтерек» холдингінің институттары, Қазақстанның Даму Банкі және «Даму» қорының қолдауымен іске асырылды.
Сонымен қатар өңделген алманың қалдықтарынан пектин мен алма талшығын өндіретін екінші зауыттың құрылысы басталды. Өнімдер Оңтүстік Корея мен Жапония нарықтарына экспортталмақ. Мұндай технологиялар көрші елдерде әлі дами қойған жоқ, бұл бағыт Қытай, Германия және АҚШ-та ғана қарқынды дамуда.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жоба фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын құрады, өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтады және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін болады. Қазірдің өзінде 100-ден астам жұмыс орны ашылған.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай кәсіпорын базасында өндіріс, сақтау, цифрлық технологиялар, кадр даярлау және экспорт бағыттарын біріктіретін еліміздегі алғашқы толық циклді агроөнеркәсіптік кластер құрылмақ.
